Қамқорлық және құрмет
01.10.2026
Халықаралық қарттар күніне орай «Богатырь Көмір» ЖШС елу ардагерге азық-түлік жиынтықтарын табыстады.
«Еңбек даңқы» белгісінің толық иегері Виктор Викторович Дикгаутты өзі сияқты ардагерлермен аулада шүйіркелесіп отырған жерінен таптық. Виктор Викторович кезінде ТКЖЖ зауытында электрик болып еңбек етсе, бүгінде оның ісін баласы Александр Дикгаут жалғастырып келеді.
Ал Мыңжан Қабышұлы Әбенов «Степной» ЖҚД-нан құрметті еңбек демалысына шықты. Сонда 43 жыл бойы жол машиналарын жөндеу жөніндегі слесарь болып еңбек еткен. Ел ағасы әлі де ширақ, сергек. Қысқа уақыттың ішінде біраз әңгімесін айтып үлгерді.
«Мен Гридин, Куржей, Каландаришвили және Өтегеновтермен жұмыс істедім. Бар еңбегім шахта құрылысына байланысты болды. «Богатырь» кенішінің құрылысы да әлі көз алдымда», – деп естелігімен бөлісті еңбек ардагері, 96 жастағы Зинаида Павловна Ли.
Еңбек ардагерлері «Богатырь Көмір» компаниясының өздеріне назар аударып, қамқорлық көрсетіп келе жатқанына ризашылықтарын білдірді. Біз де олардың қажырлы еңбегіне, кәсіпорынның қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесіне бас иіп, алғыс айтамыз.

















