Табиғатқа тарту
03.10.2026
Екібастұз қаласында санитарлық тазалық және абаттандыру айлығы жалғасуда. Шаһарымыздың әрдайым көрікті әрі таза болуына «Богатырь Көмір» ЖШС ұжымы да өз үлесін қосуда.
Бүгінгі таңда қалалық «Шахтёр» мәдениет және демалыс саябағында күзгі ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Күрделі өзгерістерді бастан өткеріп жатқан саябақты көріктендіріп, жасыл желегін молайту мақсатында «Богатырь Көмір» компаниясы жалпы құны 10 миллион теңгеге 200-ден астам ағаш көшеттерін алдырды. Жас көшеттердің биіктігі үш метрден асады. Олардың арасында шетен, жөке, татар үйеңкісі, мойыл және шаған ағаштары бар. Отырғызылған көшеттер саябақтың ажарын ашып қана қоймай, қаламыздың экологиялық жағдайын жақсартуға да өзіндік үлесін қосады. Ағаштардың бір бөлігі өткен сенбіде, 26 қыркүйекте отырғызылса, бүгін бұл жұмыстар жалғасты.
Экологиялық акцияға бас директор Евгений Мастернак бастаған басшылық құрамы мен кәсіподақ ұйымының өкілдері де қатысты. Бұл игі іске отбасымен, балаларымен, немерелерімен келгендер де болды. Ортақ күш-жігердің арқасында акцияға қатысушылар Екібастұз тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірін одан әрі көгалдандырып, жайлы ете түсті.
Отырғызылған әрбір тал – ертеңгі ұрпаққа қалатын табиғи мұра. Саябақтағы жайқалған жасыл желек туған қаламыздың көркіне айналары сөзсіз.









































