Қамқорлық пен жылулық

31.10.2026

«Богатырь Көмір» ЖШС Павлодар және Екібастұз епархиясының Петропавл әйелдер монастырын қолдау жөніндегі игі дәстүрін жалғастыруда. Кәсіпорын бұл жолы да діни мекемеге қысқы жылыту маусымын тұрақты өткізуге қолдау көрсету мақсатында 60 тонна көмірді тегін берді.

Павлодарское ауылында орналасқан монастырьда көмірмен төрт ғимарат жылытылады. Олардың қатарында ғибадатхана, шаруашылық корпусы және тұрғын жайлар бар. Биыл зияратшыларға арналған жаңа тұрғын корпустың құрылысы аяқталды. Мұнда монастырьға көмек көрсетуге келетін немесе мерекелік құлшылықтар кезінде уақытша аялдайтын қонақтар орналаса алады.

Монастырьдағы жылу жүйесінің үздіксіз жұмысын от жағушы Игорь қамтамасыз етеді. Ол бірден үш қазандыққа қызмет көрсетіп, Екібастұз көмірінің ерекшеліктерін жақсы біледі. Оның айтуынша, «Богатырь» кенішінен өндірілетін көмір жақсы жанады және жылуды ұзақ уақыт сақтайды.

Кәсіпорын ұсынған 60 тонна көмір монастырьдың жылыту маусымына қажетті отын қорын толықтыруға мүмкіндік береді.

«Богатырь Көмір» ЖШС үшін монастырьға қолдау көрсету игі дәстүрге айналған. Ал бұл көмек монастырь тұрғындары мен қонақтары үшін қысқы суық күндері жылы әрі жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.


Жаңалықтар тізіміне оралу